Глоссарий
|
Қ
Қаназдық |
---|
Қаназдық (анемия) - қанда эритроциттердің азайып, гемоглобиннің кемуінен болатын ауру. Қаназдықтың болу себептері: денеден көп қан кету; химиялық заттардың, удың, безгек ауруының әсерінен эритроциттердің тіршілігін жоюы; кемік майы, бауыр, көкбауырдың зақымдануы; эритроциттердің түзілуіне қатысатын заттардың (темір, В12 витамині) жетіспеуі және т. б. Қан оттегіне қанықпағандықтан, мүшелер мен ұлпаларға оттек жетіспейді. Зат алмасу бұзылады. Эритроциттердің мөлшері азайғанда қанның тұтқырлығы төмендеп, жүрек соғуы жиілейді. Қаназдықтан жүрекке көп күш түседі. Оны қан құю арқылы емдейді. Биология:Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Алматы: Атамұра, 2008. ISВN 9965-34-812-Х |
Қан қысымының өзгеруі |
---|
Адам қартайған сайын артерия қантамырлары қабырғаларының серпінділігі төмендеп, қатайып, тығыздалып, қуысы тарылады. Мүшелерге қан аз келеді, артерия қантамырларында қан қысымы жоғарылайды. Қан қысымының көтерілуі бүйрек ауруына, жүйке жүйесінің күйзелісіне, дененің аз қозғалуына байланысты. Қан қысымы қатты көтерілсе, қантамырлардың жарылуы мүмкін. Миға қан қүйылу өте қауіпті. Себебі ми жасушалары зақымданып, бұлшықеттер жансызданады. Қол-аяқ әлсізденіп сал болады. Бұл кезде артерия қантамырларындағы қан қысымы сынап бағанасымен 200 мм-ден асады. Егер қан қысымы төмендесе, сынап бағанасының көрсеткіші 70-80 мм төмен болады. Мұндай аурулардың белгілері: бас ауырады, жүрегі айниды, құлағынан шу кетпейді, тамаққа тәбеті тартпайды, жүректің жиырылуы бірде жиілеп, бірде бәсендейді.
Адамда қан қысымы көтерілсе не төмендесе, нәруызы бар тағамды аз пайдалану керек. Күніне 8-9 сағат ұйықтау, ашуланбау, таза ауада көбірек жүру жүрек-қантамырлар жүйесіне өте қолайлы. Биология:Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Алматы: Атамұра, 2008. ISВN 9965-34-812-Х |